Воспоминания о Галие Зайнакуловне Бегембетовой

Төлепберген Тоқжанов
профессор кафедры домбры Казахской национальной консерватории имени Курмангазы, кавалер ордена «Құрмет»
Бір парақ қағаз
(Ғалия Зайнақұлқызы туралы естелік)
Жаңадан «Домбыра» кафедрасының меңгерушісі қызметіне кіріскен кезім. Маған бұл жұмыс қиын болды. Бітпейтін қағаз, керек емес жиындар. Уақытым ештеңеге жетпейді, алаңсыз консерваториядан шықпаймын, сонда да бітіріп жатқаным шамалы. Бастықтарым көп, декан, үш проректор т.б. Күніге бірнеше реттен шақырады. Бұрын ондайды көрмеген, әбден шаршадым. Сондай күндердің бірінде проректор Ғалия Зайнақұлқызы шақырды. Шұғыл түрде бір парақ қағазды (документ) толтырып келуімді сұрады. Бір қызығы бізде бәрі де шұғыл. Толтырып бардым. Шимайлап тастады. Қайта толтырып келдім. Тағы да сызып-сызып тастады. Солай бір парақ қағазды дұрыс толтыра алмай Ғалия Зайнақұлқызының алдына үш рет бардым. Үшіншісінде де дұрыс болмады. Осы жерде шадамым үзілді. Бір парақ қағазды екі қолыммен қыса ұстап умаждап стол үстіне лақтырып жібердім.
— Болды, мен кафедра меңгерушісі болмаймын, істей алмаймын, деп, орнымнан тұрдым. Дәл осыны күтіп тұрғандай Ғалия Зайнақұлқызы қолына бір парақ қағазбен, қаламсапбын алып алдыма келіп, отыр да жаз деді.
— Жазбаймын.
— Жоқ, кафедра меңгерушісі лауазымынан босат, деп жазыңыз деді. Отыра қалып ректордың атына жазып жатырмын. Арызымды қолына алған Ғалия Зайнақұлқызы оқи бастады. «Мені өз еркіммен Домбыра кафедрасының меңгерушілігінен бостуыңызды сұраймын» дегенді оқып бір тоқтады да: «Төке, біз өз еркімізбен лауазымға тағайындалып, өз еркімізбен кете алмаймыз. Кетуіңіздің себеп-салдарын түсінікті етіп жазыңыз» деді. Орындыққа қайта отырдым.
— Төке, «бір парақ қағазды толтыра алмадым, сондықтан орнымды босатамын» демейтін шығарсыз деп күлді. Менде еріксіз күлген болдым.
— Төке, деп бастады әңгімесін Ғалия Зайнақұлқызы. Сізді кафедра меңгерушісіне тағайындайтын кезде бәріміз ақылдасқанбыз. Қаншама кітап жазған. Қаншама музыкалық шығармалары бар деп. Соның бәрі осы бір парақ қағаз толтырудан оңай ма еді. Жарайды, Сіз кетті делік, «Домбыра» кафедрасының кез келген ұстазы қуана-қуана меңгеруші болуға келіседі. Жан-жағыңызға қараңызшы, жап-жас қыз-келіншектер кафедра меңгерушілігін шыр айналдырып істеп жүр. Ал олардың көбісінің бай, бала-шағалары, ата-енелері де бар шығар-ақ. Сонда да жыламай-ақ бәрі де істеп жүр. Адамның істегенін, адам істей алады ғой. Сіз еркек емессіз бе? — деп, бір тоқтады. Маған сөйлеуге мұрша бермей, жарайды, бүгінгі бір парақ қағазды Сіздің атыңыздан мен толтырып жіберемін, бірақ бұдан былай қарай «Жұмыстан шығамын» дегенді қойыңыз, просто ұят болады, деді.
Осы әңгімеден кейін ешқашан, жұмыстан шығамын демейтін болдым. Бұл маған үлкен сабақ болды. Ғалия Зайнақұлқызының кез келген нәрсені түсіндіруі, дәлелі, көз жеткізуі, сендіруі тіпті жәй ғана әңгімелесуі де керемет еді ғой, жарықтық. Жатқан жері жәйлі болсын!