Воспоминания о Галие Зайнакуловне Бегембетовой

Нұркен Әшіров
директор Республиканской казахской специализированной музыкальной школы-интерната для одаренных детей имени Ахмета Жубанова, заслуженный деятель Казахстана
Сенгім келмейді…
Өлшеп қойған ғұмырға, жазылған тағдырға қарсы амал бар ма? Ерте ме, кеш пе, осы жалғанды біріміз қалмай тәрк етеміз. Ол — ақиқат. Ал бұ дүние — бәрі өткінші, бәрі жалған.
Бұл ғұмырды елеусіз 100 жасауға да болады. Ондай өмір кімге керек?!
Біреулер азғантай ғұмырында үлкен іс тындырып, өлшеусіз еңбек жасап, халықтың алғысына бөленіп жатады. Көптің есінде, жүрегінде қалып жатады. Өмірі — мәнді, мағыналы. Ондай адамда арман да болмаса керек-ті.
Ғалия Зайнақұлқызы дәл осындай мәнді, мағыналы ғұмыр кешкен, артында өшпес із қалдыра алған тұлға деп білем. Ол кісінің қайраткерлігі, еңбегі туралы дүйім ел біледі. Айтылып та, жазылып та жатар. Ал, сол тұлғалықтың артында қарапайымдылық, еңбекқорлық, адалдық, талапшылдық, мейірім сияқты қасиеттерді көбі біле бермейді.
Ғалия Зайнақұлқызы өз отбасына, сондай-ақ дос-жаран, әріптестері мен жұмысына шын берілген адам еді. Өз ісіне тиянақты, іскер, батыр, батыл, шыншыл, адал. Кейде адамға риза боп кеткенде «Еркексің!» деп айтатын мақтау сөзді осы кісіге айтқың келетін. Нағыз «Еркек» деген теңеуге лайық жан еді.
Жанын жеп бара жатқан ауыр дертімен күресе жүріп, қызмет барысында бірде-бір ақсауға жол бермеді. Ауырып жатырмын, демалайыншы деп мүләйімсімеді де, қайта әр іске белсенді болатын. Мықты кісі еді.
Мен әріптес, әрі басшы бола жүріп, бар жағдайды білетін едім. Ауыр дәрілерін қабылдаған күні жұмысқа келмей-ақ қойыңыз десем де, түс ауа қайта жұмысқа кеп алатын. «Ғалия Зайнақұлқызы, демалсаңызшы! Мұнда қыздар-жігіттер берген тапсырмаларыңызды қатырып орындауда, шаруаларын жауапты атқаруда. Уайымдамай, үйге қайтыңыз!» — десем, «Жоқ, мұнда бір маңызды мәселелер бар. Соларды өзім шешуім керек, өзім қадағалауым керек!» — деп барлық өзіне артылған міндеттерін асқан жауапкершілікпен, абыроймен жоғары деңгейде атқаратын.
Консерваторияның ғана емес, республиканың музыкалық ғылымына қосқан еңбегі зор. Saryn журналын қайта шығару ісінде өзі бас болды. Мамандарды жан-жақтан шақыртып, түйінді мәселелерін шешіп, өзі көмектесіп жүруші еді.
Консерваторияның әр қызметкері мен студентіне қамқор пейілмен қараушы еді. Бірталай кісіні жұмыстан шығарғалы жатқан жерінен алып қалуға барын салғанын да көргем, куә болғам. Оны сол адамдардың өздері біле ме екен?
Ол кісінің шапағатын көрген жандар аз емес деп ойлаймын. Олар да өз естелігінде айта жатар.
Жаны жәннәттың төрінде болғай!