Воспоминания о Галие Зайнакуловне Бегембетовой

Карима Сахарбаева
профессор кафедры домбры Казахской национальной консерватории имени Курмангазы, заслуженный деятель Казахстана, кавалер ордена имени А. Байтурсынова
ҒАЛИЯ
Мен Ғалия Зайнақұлқызымен қалай таныстым?
Сонау өткен ғасырдың 91 жылдарында елімізде атқан егемендік таңынан кейін білім беру жүйесінде ұлттық тілге басымдық беріле бастаған, консерваторияда оқитын студенттердің ана тіліне деген сұраныстары көбейген кезеңде Халық музыкасы факультеті студенттеріне тәлім беруге оқытушылар шақырыла бастады. Мен 2004 жылы декандық қызметке тағайындалған кезеңге дейін 1980 жылдан бері үзбестен куратор болдым. Кейде негізгі курсқа қосып дайындық курсын да беріп қоятын. Бірде дайындық курсының сабаққа қатысын және қалай білім алып жатқандарын тексерейін деп сабақтарына барсам, «Элементарлық теория» пәні өтіп жатыр. Рұқсат сұрау үшін, есікті қағып ашқанымда, таңқалысымнан мүдіріп тұрып қалдым. Жүзі сондай жылы, аппақ, мөлдір көзді, талдырмаш, даусы ұяң, әдемі қыз, интервалдарды үйрету үстінде екен. Шеттен келген қандастарымыз «квинта», «кварта» т. б. сөздерді айта алмай, әр әрпін сөйлеу мүшелерін қалай қимылдату керегін түсіндіріп тұр екен.
— Ғалия Зайнақұлқызы, — деп өзін таныстырды. Қосымша сабақ берсеңіз қалай болар еді? — деген сұрағыма: «Негізгі жұмысым басқа жақта, уақытым жоқтау болып тұр, ретін келтірермін, апай», — деп жымиып жауап берді.
Ол кезде ақылы оқу деген атымен жоқ. Негізгі курсқа гармония, сольфеджио пәндерінен де дәріс берді, жарты болмаса сол кезде сағатпен жұмыс істеді. Уақыт жылжып өтіп жатты.
Бір күні домбырашылардан шыққан алғашқы ғалым Зинұр Қоспақов аға ҚР Терминком тапсырысымен атқарылып жатқан өнер жөніндегі сөздікті шұғыл түрде сараптамаға өткізу керек болып үйіне шақырды. Әр сала бойынша 37 көп томдықтың өнер саласында атақты жазушы З. Серікқалиев, З. Қоспақов және мен бар едім. 2002 жылдардан Қазақ музыкасы антологиясы көп томдығын Сара Әділгерейқызы басшылығымен Зинұр ағамен бірге атқардық. Ғалияның Сара апайға деген пейілі де бөлек еді.
Мен Зинур ағаны 1975 жылы консерваторияға түскеннен уақыттан бері танимын. Менің ұстаздарым Хабидолла Тастанов, Құбыш Мұхитовтарға және консерваторияға негізгі жұмысқа ауысқаннан кейін Тмат Мерғалиұлына жиі келетін. Ахмет Қуанұлының ғылымға ыңғайын байқап өзі тәрбиелеген шәкірттері екен.
Мекен жайы қазір есімде қалмады, Ленин қазіргі Достық көшесімен жоғары көтерілгенім есімде. Біз жұмыс жасап отырғанда сол үйге Ғалия Зайнақұлқызы кіріп келді. Аға «Галчонок» деп бәйек болып жатыр. Анасы бір орнынан қозғалмайтын ашаң жүзді, кеңпейілді жан екен. Сөйтсем, Зинұр ағаның құжаттағы аты Зайнақұл екенін алғаш естідім.
Зинұр ағамыз домбырадан консерватория бітіріп, Ақаң шақыртуымен М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының «Музыка» бөлімінде бар саналы ғұмырын өткізген маман. Ән өнерін зерттеп сол бойынша кандидаттық диссертация қорғаған. Сол қазақ әндерінің халық құлағына сіңген «Ғалия» әніне байланысты қызының атын қойған шығар десем, біріншіден, ол да бар, екіншіден, араб тілінде бұл есім — «биік», «құрметті», «қымбат» деген түсінік береді екен.
Тұңғыштары болғаннан кейін бе, әлде мамандықтары бір сала болғаннан соң ба аса сүйіспеншілікті сездіретін. Әрине, ата-ана барлық баласын мәпелеп жақсы көреді, бірақ Ғалияға деген сезімдері бөлек екенін байқадым. Тұрмыста болғасын ба, менің жеке танымым, басқа ұрпақтары ренжімес.
Кейін отағасы Абайымен таныстым, көрсең көз тоятын өте жарасымды жұп болатын. Ғалия осы таныстықтан кейін мені өзіне жақын тартты. Абайды шаруақор, білімді, кеңпейілді нағыз отағасы ретінде танып, достары да туыстары да көп, өз айналасын да, қайын жұртын да ұйыстырып жүретін.
Ғалияның жылы құшақты, дастарханы мол, қонақжайлылығы бөлек еді. Отағасы бәрін үйлестіріп, табысын жанұяға құйып отырса, Ғалиядай Алла берген бағы бәрін үйлестірді. Екеуі екі жақты қайын жұртқа беделді де сыйлы болатын.
Апай, ағай, Абайдың анасы өмірден өткенде екеуінің бір-біріне иық түйістеріп жасаған қарекеттері, сыйластық берекелері, шығарып салуы ерекше болды. Әсіресе Зинұр аға өмірден өтіп жылдық асын беру шарасында «Халық әні» кафедрасының студенттерін алып бардым. Асылхан молда жанұялық достары, рұхсатын сұрап, жиналған қауым жақсылығын айтып жатырсыздар, көкірегі кең адам болатын бірнеше рет қайталанды, себебі онда тұнған әз әуенді әндер ұялаған, сол өміріне мән берген осы өнерге жол берейік деп бірінен соң бір ән шырқалды. «Өткен адамның жақсылығын бәріміз айтып жатырмыз, мынадай қасиетін ерекшелеу өте орынды екен. Мұны жалғастыру керек», — деп Асылхан молда ризашылығын білдерді.
Абай мен Ғалияның маңдайларына басқан алтын асықтай екі ұл, бір қыздары бар. Осы балаларының барлық жақсылықтарында бірге болдық. Үйлену, қыз ұзату тойларын ерекше бір рәсімдермен өткізді, бақытты әке-шешенің ұрпақтарына деген сүйіспеншіліктері тойшы қауымды тәнті етті.
«Әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін» — деген халық тәмсіліндегідей Ғалия маған аса бір құрметпен қарайтын, ақыл сұрайтын, білгенімді айта жүрдім. Көрген жерде Абайдың да амандасуы бөлек болатын. Мен жаяу адаммын, консерваторияның т. б. шараларда көп кездесеміз, Абай екеуі әруақыт үйге жеткізіп салатын.
Ғалияның сырқатқа ұшыраған кездерінде не деген төзімділік деп ойлайтынмын. Есім адамның өміріне айтарлықтай ықпал етеді деген сенім бар. Жалпы бұл есім — мейірімділік пен жауапкершілікті және отбасылардың ұлылық пен абыройын бейнелейді екен. Ғалия есімінің иелері көбінесе күшті, асыл мінезді, өз беделін жоғары ұстайтын адамдар. Бұл есімді иеленгендер жанұяға, достарына, қоғамға деген мейірімділігімен ерекшеленеді. Олардың басқаларға деген көзқарасы шыншыл және адал болып келеді, бұл қасиет олардың өмірінде маңызды рөл атқарады және ерік-жігерлі, батыл және мақсатына жететін адамдар. Ғалия тірегі Абайымен мақсатына жетті, әке-шеше, ата-әже атанды. Құда-құдағилық мәртебені ардақтап өтті, немере сүйді, жұмысында жетістіктерімен беделді болды дегенімізбен, Алланың ісіне шара бар ма, аяулы адам туралы өткен шақпен жазу өте өкінішті.
Ғалияның ерік-жігеріне келгенде бастапқы әзірде сырқатын білдірмеді. 2014 жылы ректорымыз Ж. Әубәкірованың бастауымен Мәскеу, Санкт-Петербургқа консерваторияның Халық аспаптар және Симфониялық оркестрлерімен гастрольдік сапарға бардық. Симфония оркестріне жауапты А. Райымқұлова, халық аспаптары Ғ. Бегембетова жетекшілігінде. Мәскеу консерваториясындағы концерттен кейін бөлмеге келіп шайға жиналдық, әдемі прическасы жоқ, орамал байлап алған, таңдана қараған маған, апай шашым химиятерапиядан кейін түсіп қалды, парикпен келдім деп жатыр. Апырым-ай, шырағым, неге алыс жолға шықтың, күтіну керек қой деген сөзіме: «Маңдайға жазғанды көреміз», — деп жігерлі, мойымай жауап берді. Дегенмен нәзік әйел заты емес пе? қайтарда баян аспаптарын ұшаққа салдырмай қатты күйзелді, қан қысымы көтеріліп, демалыс бөлмесіне апарып, жағдайын жасадық. Қайта-қайта сонда да өзін ойламады, мәселені шештіңіз бе деп сұрай берді. Ұрсып алдым. Алматыға аман-есен келдік, қатты риза болды.
Денсаулығына қарамай осылай әр шараның бел ортасында жүретін.
Әкесінің домбырашы болғанының әсері ме, әлде өзінің санасындағы халыққа, дәстүрлі музыкаға деген табиғи жаратылысы шығар, халық музыкасы студенттеріне, магистранттарына әркез жанашырлықпен, мейіріммен қарап, қамқорлық танытып жүретін. Жай оқытушыдан профессор дәрежесіне көтерілді, Ғылым ісі жөніндегі проректорға дейінгі басшылық қызметте болды. Қаншама Халықаралық, Республикалық ғылыми-практикалық конференциялар өткізді. Бірақ, қандай лауазымда болса да сол қарапайым адами қасиетінен аумады. Соңғы рет ауруханаға халін сұрап барғанымда шүкіршілік қылып, маған Аллах көмектеседі, орталарыңызға ораламын деп нық сеніммен шығарып салып еді. Әттең, әттең.
Жазмыштан озмыш жоқ деген, бақұл бол, Ғалиятай. Ардақты әже, асыл жар, аяулы ана, қазақтың батыр қызы. Сіз ешуақытта ұмытылмайсыз, өйткені жақсы жандардың жүрегінде, қазақ өнері ғылымында табанды да сара ізіңіз бар.