Воспоминания о Галие Зайнакуловне Бегембетовой

Гульфайруз Касымова
друг семьи
Жұлдыздай жанып өткен жан…
Ғалия жайлы өткен шақпен сөйлеу — көңілге салмақ, жүрекке мұң артады. Оны «болды» деп айту — күннің жарығын жоққа шығарумен тең. Өйткені Ғалия — өзі кетсе де, жүректерде мәңгі қалған, жаны тірі, рухы асқақ, өмірдің шынайы мағынасын болмысымен өрнектеген дара тұлға.
Біздің қуаныш пен қайғыны қатар бөліскен, бір-бірімізге қалтқысыз шынайы көңілмен қарайтын, әзіл мен күлкі жарасқан ортаның ең жас мүшелері — Абай мен Ғалия еді. Біз оларды әрдайым «жастар» деп атадық, солай қабылдадық. Бұл сөздің астарында бір жағынан жастыққа деген қызғанышсыз қызығу, екінші жағынан шын жүректен төгілген мейірім мен қамқорлық жататын.
Ғалия — Бегембетовтар әулетінің алтын діңгегі. Ол — көргенді отбасынан тәрбие алған, жаратылысынан парасатты, сабырлы, еңбекқор, кісілік келбеті биік, сырты сұлу, іші нұрлы ару еді. Үлкен әулетке келін болып түскенде де, ешқандай жатсынбай, сол үйдің тыныс-тіршілігіне бейімделіп, ерте тұрып сиыр сауып, ошақтың отын маздатып, дастарқанын жайнатқан ибалы келін болатын.
Бірақ Ғалияның болмысы тек тұрмыстың ғана емес, руханияттың биігінде де нұр шашты. Ол — қазақ өнерінің қара шаңырағы, ұлттық мақтанышымыз — Құрманғазы атындағы консерваторияда еңбек етіп, көп ұзамай проректорлық қызметке дейін көтерілді. Бұл — білімі мен білігінің, таланты мен табандылығының айқын дәлелі.
Алайда, тағдыр — талғамайды. Өмірдің бұралаң жолы Ғалияның да алдынан шықты. Бірі жеңіп, бірі жеңілген, үміт пен үрей шарпысып тұрған он жылдық күресті ол шын батырларға тән төзіммен, ерекше рухпен, тіпті кейде бізге күш беріп, керісінше бізді жұбатып өткізді. Оның әр күні — ерлікпен өткен күн. Біз соған куә болдық.
Ғалия — жарық сәуле еді. Ол жүрген жер жарық, сөйлеген сөзі шырайлы, күлкісі шипалы болатын. Енді сол шуағы сөнгендей. Бірақ жүректе қалдырған ізі — өшпес.
Фариза апамыздың жүректі тебірентер өлеңі дәл саған арналғандай:
«Ғалия жан! Сенің албырт ғұмырың өтті жанып,
Зулап келе жатыр ең топты жарып,
Тіл қатпайсың, жарқылдап тұрмайсың сен,
Қаншама рет келсек те шоқ гүл алып…»
Иә, Ғалия, сен енді үнсізсің…
Бірақ сенің жарығың — бізбен.
Сен — өткеннің емес, мәңгіліктің адамысың.
Сен — сағыныштың синонимі,
Жүректе жатталып қалған асыл есімсің.