Воспоминания о Галие Зайнакуловне Бегембетовой

Ержан Жаменкеев
доктор философии (PhD), доцент кафедры домбры факультета народной музыки Казахской национальной консерватории имени Курмангазы, лауреат государственной молодежной премии «Дарын», руководитель этно-фольклорного ансамбля HASSAK
Аяулы ұстазымыз Ғалия Зайнақұлқызы бізге 2009 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына оқуға түскен жылы-ақ сольфеджио және гармония пәндерінен дәріс бере бастады. Жаны жастарға жақын, балажан ұстаз еді. Әр студентке өз баласындай «балам» деп сөйлейтін.
2018 жылы қарашаның 12-сі Диссертациялық кеңес докторлық диссертациямды қорғауға шығаратын боп шешті. Ғылым жөніндегі проректорымыз Ғалия Зайнақұлқызы қорғау алды кезеңдерде көп көмектесті. Есімде қалғаны мына оқиға:
Сол жылы Варшава қаласындағы шетелдік ғылыми кеңесші екеуміздің арамызда түсініспеушіліктер пайда болып, қорғау алдында арнайы жазылатын сын-пікірдің (рецензия) кешігіп келуі, тіпті мүлдем келмеу қаупі төнді. Осы келеңсіз жағдайды естіп, араға Ғалия апай түсті. Консерваторияның жұмыс телефоны арқылы Варшавадағы профессормен хабарласып, белгілі мән-жайды түсіндіріп, сын-пікір уақытында келетіндей етіп келісті. Қуанышымда шек болмады. Нәтижесінде құжаттар да уақытында реттеліп, 12 қараша күні докторлық диссертациямды сәтті қорғап, бірауыздан философия докторы (PhD) академиялық дәрежесін берді. Бұл жақсылығын ұмыту мүмкін емес.
2024 жылы жаз мезгілінің алғашқы айларында маған телефон соғып, қазан-қараша айларында «жаман ауруға» шалдыққан адамдарға қаржылай көмек жинау үшін қайырымдылық концерт ұйымдастырғысы келетінін айтты. Концертке менің жетекшілігімдегі HASSAK ансамблін және басқа да орындаушыларды қатыстырғысы келді. Мен сол кезде таң қалдым, «өзінің жағдайы оңай емес, басқаның жағдайын ойлайтындай ол нендей ерік-жігер, кең жүрек бұл?!» деп… Әттең, денсаулығының сыр беруіне әрі жұмысының қарбаластығына байланысты ол жоспарын орындай алмай кетті. Дегенмен, ол ісі енді біздің жоспарымызға кіретіні анық.
2025 жылы 10 мамыр Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясында өткен HASSAK ансамблінің концертінде ұстазым Ғалия Зайнақұлқызының рухына арнап 2014 жылы анама арнап шығарған «Ана толғауы» күйімді арнайы шерттім. Сахнада шертпегеніме де 6 жыл бопты… Концертке жиналған халық көз жасына ерік берді. Осылайша ұстазымызды еске алдық… Рухы шат болсын.