Воспоминания о Галие Зайнакуловне Бегембетовой

Айжан Бердібай
доктор философии (PhD), доцент кафедры музыковедения и композиции Казахской национальной консерватории имени Курмангазы
Нұрлы бейне
Ғалия, сенің өмірден өткеніңе әлі сене алар емеспіз. Себебі дүниеге шуағын шашып, айналаны нұрландырып өткен санаулы адамдардың қатарынан болдың. Сондай жанның арамызда әлі ұзағырақ жасайтынын күттік.
Соңғы жылдары ауыр індетпен бетпе-бет келіп, қиыншылыққа мойымай, онымен табандылықпен айқасқаның көзіміздің алдында өтті. Сонда да асқан өмірсүйгіштігіңнің арқасында басыңа түскен ауыртпашылықты бізге білдірмеуге тырыстың. Күрделі ем алып болып, бірден жұмысқа келіп жүргенің де есімізде.
Өзіңмен алғаш рет 1980-ші жылдары консерваторияда оқып жүргенімізде танысқан едік. Бізден кейін бір жыл кейін, болашақта «жұлдызды курс» атанған топта оқыдың. Ол курстың жартысынан көбі 1990–2000-ші жылдары кандидаттық диссертациялар қорғап, бірқатары қазір де ғылым және жоғары білім беру саласында еңбек етуде. Солардың бірі — сен болдың. Ол кезде бірге өзіңмен оқыған Гүлнар Әбдірахман, Клара Жақанова — бәрің бөпелі екендеріңді естігенде, «бұлар мұндай қиын оқуды қайтіп отбасылық өмірмен қатар алып жүр, қалай бәріне үлгеріп жүр?», — деп таңқалатынбыз.
Одан кейінгі өмірлік белестерде М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында көрнекті әншіміз Күләш Байсейітоваға арналған кандидаттық диссертация қорғадың. Консерваторияға келіп, Хормен дирижерлеу, Ән салу Дәстүрлі музыка өнері және т. б. мамандықтар студенттеріне музыкалық-теориялық пәндердің оқытушысы қызметінен бастап, Оқу бөлімінің меңгерушісі, Тарих-теория факультетінің деканы, жоғары оқу орнымыздың Тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры, Ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры қызметтеріне дейін көтерілдің. Ол қызметтер міндеттеріне концерттік-шығармашылық салаға жауап беру де кірді. Соңғы кезеңде Диссертациялық Кеңес төрайымының орынбасары және Saryn журналының редакторы болдың.
Диссертациялық тақырыбың бойынша монография, қазіргі заман музыка мәдениетімізге арналған бірқатар мақала жазып, Қазақстан композиторлары музыкасы негізіндегі «Гармония» оқулығы авторларының бірі ретінде танылдың. Бірнеше докторлық және көптеген магистрлік диссертацияларға ғылыми жетекшілік жасадың.
Бұл айтқандардың бәрі жеке тұлғалық ізгі қасиеттеріңсіз жүзеге асуы екіталай болушы еді. Және бұл қасиеттер, әрине, ата-анаң, туып өскен ортаң, отау тіккен жерің, дос-жарандарың, әріптестерің, айналаңдағы кісілер аясында қалыптасқаны түсінікті. Түрлі мінезі бар адамнан құралған ұжымда жасы және лаузымы үлкен-кіші әріптестермен, шәкірттермен арадағы қарым-қатынаста кәсіби — қызметкерлік этиканы адамгершілік пен содан туындаған көпшілік бірігіп жасаған іске жауапкершілікпен ұштастыра білдің. Кейбір білмей қалған жерлеріңді сұрағаның да — екі адамның бірінен табыла бермейтін қасиет еді.
Балаларыңа ана да, дос та бола білуің; жұбайың Абай Әбдірахманұлына жан серік, ал дос-жаран, ағайын, туыс, құда-жекжатқа ерекше сыйлы ғана емес, көңілі жақын жан болғаның өз жемісін берді: бұл қарым-қатынас арамызда жүргеніңде де, өмірден өткен азалы күндерде де білінді.
Достарың мен әріптестерің, шәкірттерің мен қызметтестерің сенің адамдардың жас-кәрісіне қарамай тіл табыса білгеніңді, көмекесуге әрдайым әзір болғаныңды, жастарға қамқорлығыңды, оларға ақылыңды айтып, алдына биік мұрат қойып, әрі қарай өсуіне серпін беріп жетелегеніңді еске алуда.
Балаларың үшін, тұңғыш перзентің айтқандай, сен – «шуағын шашып тұрған күн, жарық дүние» болдың. Үлгілі аналардың ошақ берекесін келтіріп, өзінің мейірімді болмысымен бір үйді толтырғаны — қалыпты жағдай болса, отбасы мен достардың, ағайын-туыс, құда-жекжат топтасқан үлкен қауымының ұйытқысы болу — жаратылысы ерекше жанның қолынан ғана келетіні хақ. Ал сен дәл сондай бола білдің.
Дүниеден өтеріңнен екі-үш апта бұрын телефонмен соңғы рет сөйлестік. Ол кезде аурумен арпалысып жүрсең де, өзің 2023 жылдан бастап, Бас редакторы болған және дамып өркендеуіне көп күш салған Халықаралық Saryn журналының бір мақаласына пікір беруіме өтініш жасадың. «Денсаулығың осындай ауыр халге түскенде, жұмыс үшін алаңдағаның қалай?», — дегенімде, орынбасарың Дамир Дүйсенұлымен журналдың осындай жақсы беталысының тоқтап қалмауына мүдделі екендеріңді, бұл ниеттің іске асуы үздіксіз еңбектенуді қажет ететінін түсіндірдің.
Отбасыңды сұрағанымда, балаларыңа қатты риза екеніңді білдіріп, жұбайың екеуің қатар ауырып, оларды жүгіртіп қойғандарыңа қысылатыныңды да айттың. Бұл да — басқаға салмақ салудан алшақ болған мінезіңнің бір қыры еді.
Әңгімеміздің аяғында тезірек айығуыңды тілеп, бізге осы болмысың — өмір үшін күрестің, нағыз қайсарлық пен төзімділіктің үлгісі екенін айтып едім.
Соңғы жылдары Алла жолына бет бұрып, намаз оқыдың. Бұл ниетіңді төсек тартып жатып қалғанда да жалғастырдың. Індетті жеңетініңе шексіз сенімің бізге де өзіңнің қайтып оралатыныңа үлкен үміт ұялатты. Бірақ өкінішке қарай, олай болмады. Сенен айрылып қалдық. Енді құдайдың ісіне көнгеннен басқа амалымыз жоқ.
Бақұл бол, Ғалия!
Бізге жасаған барша жақсылығың алдыңнан шықсын!
Алла сені рахымына бөлесін! Рухың шат болсын!