Воспоминания о Галие Зайнакуловне Бегембетовой

Айнур Аязбаева
магистр искусств, руководитель творческого отдела Казахской национальной академии искусств имени Т. Жургенова, обладатель нагрудного знака «Отличник культуры РК»
Естелік Бегембетова Ғалия Зайнақұлқызына арналады (1965–2025)
Ғалия апаймен мен жеті жылдай бірге жұмыс істедім. Ол жылдар — менің кәсіби де, адами тұрғыда өскен ең жарқын кезеңдерімнің бірі. Ол кісіден үйренгенім көп: табандылықты, жауапкершілікті, іскерлікті ғана емес, шын жүректен сүюді, сенуді, қолдауды да Ғалия апайдан үйрендім. Ол менің мотиваторым болды. Жай ғана басшы, әріптес емес — бағыт беретін шамшырағым еді.
Ғалия Зайнақұлқызы қай жерде жүрсе де нық, талапшыл, бірақ мейірімі мен адамгершілігі қатар жүретін тұлға болатын. Ол кісі жайлы айтылған әр сөз — жүректің үнінен шыққан лебіз. Ол — үлгі болған жан. Мен әрдайым оның байыптылығы мен ішкі мәдениетіне таңғалып отыратынмын. Ғалия апай — өз жолын тапқан, өзгеге де жол көрсеткен адам.
Проректор ретінде ол Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында шығармашылық әлеуетін дамытуда зор еңбек сіңірді. Әр факультеттің, әр студенттің жетістігін жүрегімен қабылдайтын. Консерваторияның мәдени кеңістігін кеңейтіп, халықаралық байланыстарды нығайтуда үлкен рөл атқарды. Оның бастамасымен өткен талай фестиваль, концерттер, шеберлік сағаты соның айғағы.
Ғылыми ортада да Ғалия Зайнақұлқызы салмақты орны бар ғалым еді. Ол өнер мен білімнің тоғысында терең зерттеулер жүргізіп, жас зерттеушілерге жол ашты. Оның ғылыми еңбектері мен баяндамалары ұлттық мәдениет пен өнерді заманауи контексте зерделеуге бағытталды. Ғылымға деген адалдығы мен көзқарас тереңдігі оны әріптестері арасында үлкен беделге ие етті.
Еңбекте ерен, өмірде ізгі, жүректе мейірім. Осындай жанның өмірден озуы — бәріміз үшін орны толмас үлкен қаза.
Оның жарқын бейнесі, жылы жүзі, сабырлы үні, қамқор сөзі жүрегімізде мәңгі сақталады.