Воспоминания о Галие Зайнакуловне Бегембетовой

Серік Нұрмолда
магистр искусств, исследователь-эксперт Международного фонда тюркской культуры и наследия (Азербайджан, Баку), ведущий участник ансамбля TURAN, обладатель нагрудного знака «Отличник культуры» и государственной награды — медали «Народная благодарность», старший преподаватель кафедры искусствоведения и арт-менеджмента Казахской национальной академии хореографии
Ардақты ұстаз Ғалия Зайнақұлқызының шәкірті Серік Нұрмолданың естеліктері
Студент кезімізде сабақтан сабаққа жүгіріп, бір-бірімізбен жарыса оқушы едік. Берілген үй тапсырмасы кейде аз көрінетін, өздігімізше қосымша жұмыс сұрап алатынбыз. Сондағы тынымсыз күндер мен ұйқысыз түндер сондай қызықты көрінетін. Білімге құштарлығымыз асып-тасушы еді. Бұл феноменнің себебі ұстаздар қауымының шәкірттеріне оқуға деген сүйіспеншілікті ұялатып, зор қызығушылықты оята алу ісінде ғой. Бұл шеберлік іске деген махаббаттан туындайтындығын білемін. Консерватория қабырғасында дәл осындай ұстаздардан тәлім алған біз бақыттымыз ғой, шіркін.
Иә, сол ұстаздарымыздың ішіндегі бірегейі, өзіміздің анамыздай болған Ғалия Зайнақұлқызы музыканттар үшін күрделі пәндердің бірі саналатын «Гармония» сабағының мұғалімі. Әлбетте, пәнді түсіну қиындаған сайын студенттердің бойында алшақтану рефлексі туындаушы еді. Бұл ретте, мүлдем басқаша болды. Ғалия апайымыздың бірде-бір сабағын жібермедік, тіпті «қашан болады екенмен» сабағына асығушы едік. Апайымыздың бойындағы жоғары кәсібилік деңгей мен мейірімділік қасиеттері барша студенттерге жолсілтеуші ретінде болатын. Еліміздің шалғайларында орналасқан ауылды аймақтардан келген қарапайым қазақ балалары үшін бұдан артық не керек еді?! Үлкен махаббатпен сіңіре білген білім қашан да болашақта ірі жетістіктерге алып келері анық. Бүгінде Апайымның тәрбиелеген мыңдаған шәкірттері еліміздің абыройын асқақтатып жүрген ірі тұлғаларға, кәсіби шеберлігін әлем мойындаған мықты мамандарға айналды.
Ғалия апайым ұстаздық-ағартушылық қызметпен қатар білікті ұйымдастырушы, мәдени басқару ісінің белді маманы болды. Көп жылдар бойы Қазақстанның музыкалық білімінің қара шаңырағына, өнер саласындағы отандық ғылымның алтын тұғырына айналған Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының проректорлығы қызметін атқарды. Сонымен қатар, жас ғалымдар қатарын қалыптастыра білген музыкалық ғылым саласының жауһары болды. Бірнеше жыл ағымында менің ғылыми жұмысыма жетекшілік етті. Сол жылдар ішінде ғылым әлеміне жол ашып, бойымдағы ізденімпаздылық қасиетті қалыптастырды. Әр жетістігіме балаша қуанып, еркелігіме кешіріммен қарайтын. Бұдан бөлек, қарбалас өмірімдегі күрделі кезеңдерде жаны қатты ауыратын. Қиын сәттерде сырласатын, күрделі шешімдерді қабылдау алдында ақылдасатын Анамдай боп еді. Қазірде сол сәттерді қатты аңсаймын. Өзінің ішіндегі дерт пен қиындықтарды еш білдірмейтін. Өмірлік ұстанымдары берік, мінезіндегі табандылық пен қайсарлық қатар жүретін.
Апайымның соңғы хабарламасы «Серікжан, айналайын, болашағың жарқын болсын, бақытты бола ғой» бүгінде менің бағдаршамыма айналды. Бұл сөздерден мейірім, сенім және аналық махаббаттың шексіздігін сеземін. Қиын сәттерде дәл осы хабарламаны қайта-қайта оқып, Апайымның даусын елестетіп, жаным тынышталады.
Ғалия Зайнақұлқызының өмірлік жолы, ұстаздық тағылымы — біз үшін мәңгілік үлгі. Енді біз, оның шәкірттері, Апайымыздың есімін ардақтап, оның бізге сіңірген ұлағатын келер ұрпаққа жеткізу — борышымыз. Рақмет Сізге, Апайым…